© Sn.kz
Маңғыстау өңірінде халық емшілері заман талабына сай әлеуметтік желілер мүмкіндіктерін жарнама жүргізуге меңгерген. Бүгінде олар онлайн-режимде қашықтан ем-дом жүргізу арқылы өз танымалдылығын арттыруда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Дәрігерлер сөзіне сүйенсек, көбіне ауруханаға ауыр хәлде түсетін науқастар алдымен халықтық емдеу тәсілдеріне жүгінуге тырысып, дертін асқындырып алады екен. Науқастар білікті мамандардың кәсіби кеңесіне құлақ аспастан, өз еркімен "алаяқ емшілердің" айла-шарғысының "құрбанына" айналып жатады.
Бүгінде әлеуметтік желілерге көз жүгіртсеңіз, кез келген сынықты отасыз орнына салып, буынын бекітіп, тіпті балғамен қисық сүйекті түзетеміз деген жазбалардан аяқ алғысыз.
Ақтау қаласының тұрғыны Жанна Есмағамбет "емшінің" көмегіне жүгінген танысының басынан өткен оқиғамен бөлісті.
— Оның белі мен омыртқа жотасы қақсап ауырып, маза бермейтін. Мүлдем ұйқысы қашты. Емшінің денсаулығына келтірген зардабынан кейін қазір қаладағы жеке емханада ем алып жатыр. Бұл жөнінде ешқайда арызданған жоқ. Меніңше жалпы емшілердің іс-әрекетіне көбіне мүлдем арызданбайды. Қазақ өте ырымшыл халықпыз. Ақыр аяғы алаяқтардың зардабынан ауруы асқынғандарды дәрігерлер ажалдан арашалап қалады, - дейді Жанна Есмағамбет.
Әлеуметтік желілер әйгіленген емшілер бедеулік пен белсіздіктен бастап, барлық мәселелерді шешуге "құдіреті" жететіндігін жария етеді.
Ақнұр есімді халық емшісі WhatsApp-тағы бейнеқоңырау арқылы кеңес беру 7 000 мың теңге тұратындығын мәлімдеді. Журналист сауалына жауап беруден жалтарған ол ем-дом жүргізу құнын да нақтыламады. Ал Гүлдана есімді емші барлық қарыздан құтылуға, маскүнемдіктен арылтуға, отбасыдағы үйлесімділікті сақтауға септігін тигізеріне жүз пайыз кепілдік береді. Оның тәуіптік қызметі толығымен рәсімделген, тіпті емдеу ақысын Kaspi RED-пен бөліп төлеу жүйесін жолға қойған.
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері өздері бетпе-бет келген тәжірибемен бөлісті.
- 1981 жылғы жаңаөзендік науқас 10 күн бойы емшінің нұсқауымен ем алған. Жамбасының төменгі бөлігі сынған науқастың жамбасын пластик құбырмен бекітіп, балық майымен сылаған. Ауруханаға түскен кезде алдымен аллергиялық дерматитті емдеуге тура келді. Қазір жағдайы бірқалыпты. Кейде осылайша ауруын асқындырып алғандарға аяқ-қол ампутациясын жасауға тура келген кездер де болған",-дейді дейді Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Есет Шахатбаев.